І. Жалпы ереже

ІІ. Медицина қызметкері мен қоғам

ІІІ. Медицина қызметкері және пациент

  1. Медициналық қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы
  2. Дәрігерлік құпия
  3. Этикалық кодекс күшінің шегі және оны бұзу жағдайындағы жауапкершілік
  4. Этикалық кодексті қайта қарау және талқылау
                                                                        І. Жалпы ереже

     Медицина қызметкерінің кәсіби этикасының кодексі (бұдан әрі Кодекс) медицина қызметкерінің кәсіби медициналық қызметі барысындағы этикалық нормалар мен ұстанымдарының жиынтығын анықтайтын құжат болып табылады.

     Бұл Кодекс ережелері «Қызылорда қалалық ауруханасы ШЖҚ МКК-нің барлық медицина қызметкерлеріне таратылады.

 

                                                      II. Медицина қызметкері және қоғам

     1. Медицина қызметкерінің ең басты мақсаты – адам өмірін сақтау, аурулардың алдын алу және денсаулығын қалпына келтіру, сондай-ақ емделмейтін ауруға шалдыққандар азабын жеңілдету. Медицина қызметкері өз міндеттерін Гиппократ анты, гуманизм және қайырымдылық ұстанымдарына сәйкес орындайды.

     2. Медицина қызметкері өз шешімдері мен іс-әрекеттері үшін толық жауапкершілігін мойнына алады, сол үшін ол жүйелі түрде кәсіби шыңдалып отыруға міндетті.

     3. Өз қызметінде медицина қызметкері өзіне таныс және пайдалануға рұқсат етілген  медицина ғылымының соңғы жетістіктерін пайдалануға міндетті

     4. Медицина қызметкерінің кәсіби шешіміне жеке басының пайдасы мен материалдық мүдделер әсер етпеуі тиіс.

     5. Медицина қызметкері даярлаушы-фирмалар мен дәрі-дәрмек таратушылар ұсынған дәрілерді тағайындағаны үшін олардан сыйлық алуына болмайды.

     6. Медицина қызметкері дәрі тағайындау барысында тек қана науқастың мүддесі мен медициналық көрсетілімдерді ескеруі  тиіс.

     7. Медицина қызметкері жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, әлеуметтік жағдайына, саяси көзқарасына және басқа да медициналық емес факторларға сонымен қоса материалдық жағдайына қарамастан медициналық көмекті қажет еткен кез келген адамға көмектесуге міндетті.

    8. Медицина қызметкері өзі жұмыс істейтін мекемеге байланысты өз жауапкершілігіне алған барлық міндеттемелерді адал орындауға міндетті.

     9. Жас мамандар мен студенттерді оқытып жүрген медицина қызметкерлері өз міндетін орындауға көңіл бөлуі және тәртібі жағынан үлгі боларлық деңгейде болуы тиіс.

     10. Медицина қызметкері қолжетімді құралдар (газет, журнал, радио, теледидар, әңгімелесу және т.б.) арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ кәсіби этикалық және қоғамдық нормаларды ұстануда үлгі болуға міндетті.

     11. Медицина қызметкері оның кәсіби қызметі мен пациенттерге зиян келтірмейтін, медицина қызметкерінің ар-намысын төмендетпейтін, кәсіби тәуелсіздігіне кедергі келтірмейтін басқа жұмыстармен айналысуына болады.

     12. Медицина қызметкерінің жеке тәжірибемен айналысуы заңмен реттеледі.

     13. Медицина қызметкері жұмысының қайырымдылық мақсаттары оның жеке қадір-қасиетін, жеткілікті деңгейде мүліктік қамтамасыз етілуін, кәсіби қызметін атқаруға жағдай жасауын заң жүзінде қорғауын талап етуге  негіз бола алады.

     14. Ұйымдастырылған формадағы наразылықтарға қатысу барысында медицина қызметкері өз қадағалауындағы пациенттерді қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз ету міндеттемелерінен босатылмайды.

     15. Медициналық этиканың ұстануын бақылауды медицина қызметкерінің тікелей жетекшісі жүзеге асырады.

 

                                                     III. Медицина қызметкері және пациент

     1. Медицина қызметкері пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасына жауапты. Өз жұмысында ол Қазақстан Республикасы заңдарын, іс жүзіндегі нормативтік құжаттарды (медициналық стандарттарды) басшылыққа алады, бірақ бұл ұйғарымдар аясында, аурудың ерекшеліктері ескеріліп, әр жағдайда науқас мүддесі басшылыққа алынып тиімдірек ем, диагностика, алдын алу әдістері таңдалады. Қажет болған жағдайда медицина қызметкері өз әріптестерінің көмегін пайдалануға міндетті.

     2. Медицина қызметкері өзі көрсетіп жатқан көмек сапасы ең жоғары деңгейде болуы үшін барынша тырысуға міндетті.

     3. Медицина қызметкері пациентті қисынсыз тәуекелге душар еткізбеуі тиіс, және өз білімін ізгіліксіз мақсаттарға жұмсауға жол бермеуі қажет. Медицина қызметкері кез келген емдеу әдісін таңдау барысында алдымен «Зиян келтіріп алма!» өсиетін басшылыққа алады.

     4. Науқас жағдайын ушықтырмайтын ем-шаралар пайдаланатын, шұғыл көмек көрсетуге міндетті болатын жағдайды есептемегенде, егер пациентпен медицина қызметкері арасында өзара сенімділік болмаса, егер ол өз құзыреттілігін жеткіліксіз деп санаса немесе емдеуге қажетті мүмкіндіктермен қамтылмаса, науқасты емдеуден бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда медицина қызметкері өзінің тікелей басшысына ескертуге міндетті және  науқасқа құзыретті маман ұсыну үшін барлық жағдайды жасауы тиіс.

     5. Медицина  қызметкері пациенттің емдейтін дәрігерді, мекемені таңдау және емдеу-алдын алу шараларын өткізу бойынша шешім қабылдауға қатысу құқығын құрметтеуге міндетті.

     Әдетте пациенттің ерікті келісімін медицина қызметкері науқаспен жеке сөйлесу барысында алады. Бұл келісім саналы түрде жасалуы тиіс, науқасқа емдеу әдістері мен оны қолдану салдары, ықтимал ушығу жағдайлары, сондай-ақ басқа альтернативалық емдеу әдістері жөнінде хабарлануы қажет. Пациенттің келісімісіз емдеу-диагностикалық шараларды өткізуге оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде және жағдайға саналы түрде баға бере алмағанда ғана рұқсат етіледі. Осындай жағдайларда шешімді алқаластықпен қабылдаған жөн. Психикалық аурулармен науқастанғандарды емдеу барысында медицина қызметкері психиатриялық көмек көрсету және оны көрсету барысындағы азаматтар құқығының кепілдемелері жөніндегі Қазақстан Республикасы заңын басшылыққа алуы тиіс. Баланы емдеу барысында медицина қызметкері толық ақпаратты оның ата-анасына немесе қамқоршысына ұсынуы қажет және белгіленген дәрі-дәрмектер мен емдеу әдістерін қолдануға олардың келісімін алуға тиіс.

     6. Медицина қызметкері пациенттің қадір-қасиеті мен намысын, жеке құпиясына деген құқығын құрметтеп, оған мейіріммен қарап, туған-туысқандарының науқас жағдайына алаңдаушылық білдіруіне түсіністікпен қарауы қажет, бірақ айтарлықтай кәсіби қажеттілік болмаса  пациент пен оның  отбасы мүшелерінің жеке істеріне кіріспеуі тиіс.

     7 . Медицина қызметкері пациентке өзінің философиялық, діни және саяси көзқарастарына мәжбүрлемеуі тиіс. Дәрігердің наным-сенімдері немесе басқадай кәсіби емес мүдделері диагностика мен емдеуге әсерін тигізбеуі қажет.

     8. Егер пациент саналы түрде өз келісімін бере алмаса, оған үнемі қамқор болып жүрген адам немесе заңды өкілі беруі тиіс.

     9. Пациент өз денсаулығы жөнінде толыққанды ақпарат алуға құқылы, бірақ одан бас тартуына да болады немесе денсаулығы жөнінде хабарлайтын адамды ұсынуы тиіс.

     Егер ол пациент денсаулығына айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар деген толық негіз болса, пациенттен ақпаратты жасыруға болады. Бірақ пациенттің анық білдірген талабы бойынша медицина қызметкері толық ақпаратты беруге міндетті. Науқас үшін жағымсыз болжам болған жағдайда өмірінің ұзақ болуына, аурудан айығу мүмкіндігіне үміт қалдырып, ақпаратты барынша абайлап жұмсартып жеткізу қажет.

     10. Пациенттің қалауы бойынша басқа медицина қызметкерінің кеңесінен өту құқығына медицина қызметкері кедергі жасамауы тиіс.

     11. Медицина қызметкері науқаспен қарым-қатынас жасау барысында өзін жарнамалауға тыйым салынады.

     12. Қателік жібергенде немесе емдеу барысында күтілмеген ушығулар дамығанда медицина қызметкері науқасқа, тікелей басшысына хабарлауға міндетті және шұғыл түрде зиянды салдарды түзетуге бағытталған іс-әрекеттерге кірісуге міндетті.

     13. Кәсіби міндеттемелерін медицина қызметкері дәрігер бүркеншек ат, ресми түрде табысталған атақ дәрежесін көрсетпей, тек қана өз фамилиясы арқылы жүзеге асырады.

                     

                                    1. Медициналық қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы

     1. Медициналық қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сыйластыққа, сенімге құрылып, емделуші мүддесінің сақталуымен ерекшеленуі тиіс;

     2. Медициналық қызметкер қызметкерлермен шынайы, адал, әділ, тілектес, парасатты болуы керек, олардың білімі мен тәжірибесіне құрмет білдіріп, сондай-ақ, олармен өз білімі және тәжірибесімен бөлісуге адал ниетпен дайын болуы қажет;

     3. Медициналық қызметкерлерге басшылық жасау жоғары деңгейлі кәсіби біліктілік пен үлкен адамгершілікті талап етеді;

     4. Қызметтесіне айтылатын сын дәлелді болуы керек және оны ренжітпеуі тиіс. Қызметтестердің тек кәсіби іс-әрекет ғана сынға алынуы тиіс, алайда жеке тұлғасын сынға алуға болмайды. Әріптестердің беделін түсіру арқылы өз беделін көтеруге тырысуға жол берілмеуі тиіс. Медициналық қызметкер әріптестері туралы және олардың жұмыстары туралы емделуші мен оның туысқандары алдында жағымсыз сын-пікір айтуына құқығы жоқ;        

     5. Медициналық қызметкер өмір бойы өзін осы емдеу өнеріне баулыған адамдарға қызмет көрсетіп, алғыс білдіруі тиіс;

     6. Медициналық қызметкер өзіне қандай қарым-қатынасты талап етсе, әріптестеріне сондай қарым-қатынас жасауы тиіс;

                                                                      2. Дәрігерлік құпия

     1. Әр пациент жек құпиясының сақталуына құқылы және дәрігер, сондай-ақ медициналық көмек көрсетуші басқа да тұлғалар медициналық құпияны сақтауға  пациент қайтыс болған жағдайда да міндетті, егер науқас басқадай өкім ұсынбаса дәрігерлік көмекке жүгіну фактісі де құпия болуы тиіс.

     2. Құпия емдеу барысында және қарану барысында (диагноз, емдеу әдісі, болжамы және т.б.) алынған барлық мәліметтерге міндетті болып табылады.

     3. Пациент жөніндегі ақпарат жария болу жағдайлары:
– пациенттің өзінің айқын жазбаша келісімі бойынша;
– тексеріс, прокуратура, сот органдарының мүдделі талабы бойынша;
– егер құпияны сақтау пациент өмірі мен денсаулығына немесе басқа тұлғаларға (қауіпті жұқпалы аурулар) қауіпті болса;
– егер емдеуге басқа маман шақырылып, бұл ақпарат кәсіби тұрғыда қажет болса.

     4. Дәрігер науқасты емдеуге қатысқан тұлғалардың кәсіби құпияны сақтауын қадағалауға міндетті.

     5. Пациент жөніндегі мәліметтерді білуге құқығы бар тұлғалар барлық алған мәліметтерді құпияда сақтауға міндетті.

     6. Ғылыми зерттеулер барысында, студенттерді оқыту және дәрігерлердің білімдерін жетілдіру барысында дәрігерлік құпия сақталуы тиіс. Науқасты көрсету оның келісімі бойынша ғана жүзеге асады.

 

                  IV. Этикалық кодекс күшінің шегі және оны бұзу жағдайындағы жауапкершілік                   

     1. Дәрігердің бірінші төрешісі – өз ары. Екіншісі – медицина қауымдастығы , олар дәрігерлер ассоцияциясы ретінде өз жарғысы және басқа құжаттар негізінде тәртіп бұзушыға шара қолдануға құқылы.

     2. Егер этикалық нормалар тәртібін бұзу Қазақстан Республикасының іс жүзіндегі ережелеріне қайшы келсе, медицина қызметкері заң алдында жауапқа тартылады.

     3. Қызметкер өзінің тәртібі ұжымда көпшілік талқысына салынуы мүмкін екендігін санада ұстауы тиіс.

 

                                               V. Этикалық кодексті қайта қарау және талқылау

     1. Этикалық кодексті қайта қарау, оның қосымшаларын талқылау «Қызылорда қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның Этикалық комиссиясының құзырында.  

     2. Кодексті қайта қарау тәртібі аурухананың Этикалық комиссиясының шешімімен реттеледі.

     3. Нақты бір жағдайларда Кодекстің кейбір қағидалар мағынасы дұрыс түсінілмеуі мүмкін. Бұл жағдайда  комиссияның өз түсіндірмесі этикалық комитет шешімімен рәсімделеді. Түсіндірме Этикалық Кодекс қосымшасы ретінде бекітілгеннен кейін заңды күшіне енеді.