Мектеп оқшылар арасында нашақорлықтың алдын алу

Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің психологы А.В.Чиканова №35 орта мектебінің оқушылары арасында «СПАЙС-тоқта!» тақырыбындағы нашақорлықтың ағзаға қалай әсер етеді, адамға келтіретін зияны, жағымсыз әдеттер мен қателіктерден аулақ болу үшін не істеу керек осылар жайлы жоспардағы оқу-дәріс өткізді.

“ҚХР-дан есірткінің жаңа түрлері, атап айтқанда «JWH» ізін суытпай күнара келіп жатыр. Біз онымен күресіп, тәркілеп те жатырмыз. Алайда, синтетикалық есірткі түрлері есірткі заттарының жиынтық кестесіне кірмейтіндіктен, біздің тәртіп сақшылары онымен ұсталған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарта алмай дал болуда. Соған байланысты «Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексіне 2015 жылдан бастап, синтетикалық есірткі түрлері бойынша жаңа тармақ енгізіледі, біз сонда ғана тосқауыл қоя аламыз. Әрине, басқа да қиындықтар бар, мысалы: «spice». Оған Интернетпен еркін тапсырыс беруге болады. Бұл жағынан кеден және пошта қызметтерімен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз” деген болатын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Жанат Битенов. Расында, бұл мәселе әлемдік мәнге ие. Синтетикалық есірткі түрлері Ресейге де, Еуропа елдеріне де тараған. Жалпы айтқанда, әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар екен. Ең қауіптісі – каннабиноидтар. Бұл дегеніміз – «spice», басқаша айтсақ «тұздар». Бұл есірткі түрі адамды өзіне тәуелді етіп қана қоймай, адам азғасына зор көлемде зиян келтіреді. Бірақ, оның адам организіміне қаншалықты әсер ететіндігі әзірге толыққанды зерттелмеген. Жыл басынан бері шекарашылар 929 кг есірткі тәркіледі. Ресми емес мағлұматтарға сүйенсек, Қазақстанға синтетикалық есірткілер АҚШ пен Қытай елдерінен келетін көрінеді. Қазіргі кезде жастар арасында шылымға араластырып шегуге арналған қоспалар түріндегі есірткілік заттардың тарау процесіне көз ілеспей жатыр. Олар туралы ақпарат елімізде алғаш рет 2009 жылы пайда болыпты. Бірнеше рет мақсатты жедел іс-шара өткізіліп, олардың құрамында есірткі немесе психотроптық заттар бары анықталған. Осы микстерді («Genie»,«Sen Cation», «Damiana chocolate», «Jan Rush»,«Spice»,«Effie») сатудың алғашқы фактілері Алматы қаласында тіркеліп, олардың құрамынан тетрагидроканнабинолдың аналогы – синтетикалық каннабиноид (JWH) бары анықталыпты. Шегуге арналған бұл қоспалардың адам ағзасына елеулі зиян тигізетінін ескеріп, шұғыл шара қолдану үшін еліміздің аумағында аталған заттарды сатуға және тұтынуға тыйым да салынды. Яғни, осы заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 39 мыңнан астам нашақор бар. Бұл – наркодиспансерлерге келіп, өз еркімен тіркелгендердің ресми көрсеткіші ғана. Дейтұрғанмен, әлемнің бірқатар елдерінде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген көрінеді. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған. Еліміздің денсаулық министрлігі де 2010 жылы әр түрлі микстерді ел аумағына әкелуге тыйым салған болатын. Бірақ, бір қызығы, әкелуге тосқауыл қойылғанмен, пайдалануға тыйым салынбады, есірткілер тізіміне енгізілмеді. Ал, мамандар синтетикалық есірткілердің әсері есірткілер тізіміне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті екенін айтады. Тыйым салынбағандықтан, синтетикалық есірткілерді сатып алу да оңай. Ғаламтордың 651 сайтында ашық сатылым жүріп жатыр. Статистикалық деректерге қарағанда, синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі – 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ал, оларды таратушыларға қарсы тұруға ішкі істер қызметкерлерінің қауқары әлсіз. Өйткені, елімізде синтетикалық есірткілерді сатуға, пайдалануға тыйым салынбаған, яғни оған тосқауыл қоюдың заңдық тетігі жоқ. Осы бір сананы улап, миды кептіретін, онысымен қоймай денсаулықты бүлдіретін есірткілік заттар өзге елден біздің елге жарық жылдамдығымен тасымалданып жатыр. Қазақстанда «spice» шегуге арналған шөптік қоспаға әуестенген жастар саны артып келеді. Ал, тіркеуде тұрмағандары қаншама. «Заңды есірткілер» мен «дизайнерлік есірткілер» ретінде сатылатын жаңа психологиялық белсенді препараттардың ашықтан-ашық ғаламторды жайлап алғаны да жанды шошындырады. Тіпті жарнамалары да бірінен-бірі өтеді. Тек сол ғаламтор бетіндегі телефон нөмірін терсеңіз, жетіп жатыр. Қалаған жеріңізге өздері жеткізіп береді. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Кептірілген шөп сияқты, иісі де жағымды. Қызық үшін оны алғаш пайдаланған адам мәңгі тәуелді болып қалғанын сезбей де қалады. Сонымен, қолданған адамды есеңгіретіп, «рахат өмірге» батыратын жолдаманың құны бар-жоғы 2500 теңгеден басталады. Қалай десек те, әзірше бұл мәселеге «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай отыр. Мәні жоқ «ләззәттің» мәңгілік азапқа айналмасына кім кепіл?..

Айсана НҰРБАП.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *