Медициналық қызмет көрсетудің сапасы артып келеді

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбдірайымов Ғалымжан медицина мекемелерінің жылу жүйелері жұмысымен танысты, сондай-ақ, емдеу ұйымдарының  қысқа дайындық мәселелерімен бөлісті. Алдымен, әкім орынбасары №1 және №2 қалалық ауруханаларында болып, аталмыш мекемелердің тұрғындар денсаулығын сақтау мен арттыру бағытындағы мүмкіндіктермен танысты. 2016 жылдың 4-ші тоқсанында пайдалануға берілген  365 төсектік көп салалы №1 қалалық аурухана — Жамбыл облысы мен Тараз қаласының тұрғындарына жоғары мамандандырылған стационарлық, стационар алмастырушы, тәулік бойы травматологиялық медициналық көмек көрсететін мекеме болып табылады. Көп салалы аурухана А, Б, В, Г блоктарынан, прозектурадан, ас блогынан, кір жуу және залалсыздандыру бөлімшесінен, трансформаторлы подстанциядан, гараждардан т.б.  құрылыстардан тұрады. Құрылыстың жалпы құны — 8 миллиардтан астам теңгені құрайды, аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және тиісті санитарлы-гигиеналық талаптарға сай үйлестірілген. Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев  тұрғындарды емдеу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғандығын, сондай-ақ аурухана қызметкерлеріне демалатын бөлмелердің де қарастырылғанын айтып өтті. Науқастарды диагностикалық тексеру үшін магнитті резонансты томограф, компьютерлік рентген аппараты бар. Ауруханада нейрохирургия, травматология, хирургия, терапия, гинекология, неврология, ЛОР, бет-жақ хирургия, инсульт орталығы, босану бөлімшесі, реанимация, бөлімі, клинико-диагностикалық, диагностикалық бөлімшелері, рентгенология  (КТ, МРТ қосқанда), патологоанотомиялық, физиотерапевтік, ота бөлімі, қабылдау бөлімі және күндізгі стационар қызмет көрсетеді.   Бүгінгі таңда № 1 қалалық  аурухананың  материалдық–техникалық базасы мықты дамыған және жоғары білікті мамандармен қаматамасыз етілген, кең спектрлі нозологиялық түрде, жоғары деңгейде, шұғыл, жоспарлы, емдеу, диагностикалық, оңалту көмектерін көрсетуге дайын заманауи клиникалардың біріне айналған. Облыс әкімінің орынбасарының келесі жұмыс кестесі №2 қалалық ауруханасына жалғасты. Ғалымжан Райылұлы  ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір сүру орталығының және гемодиализ бөлімшесі мен аурухананың жылыту маусымына дайындықты тексеру үшін қазандық жұмысымен танысты. Ауруханалардың тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі танысқан Ғалымжан Райылұлы  №5 қалалық емханасына кіріп, онда 2015 жылы ашылған Сall орталығының жұмысымен танысты. Тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдап, дер кезінде олардың шешілуіне ықпал жасап отырған, сондай-ақ халықпен кері байланысты орнықтырып отырған орталықтың жұмысына көңілі толған Ғ.Әбдірайымов бұл туралы ақпараттандыруға баса назар аударуды тапсырды. Аудандық және ауылдық елді мекендердегі Сall орталықтардың жұмысын дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тұрғылықты мекен-жайы бойынша 5-қалалық емханада тіркелінген ол өзіне тұмауға қарсы екпе салдырып, тұрғындарды ауырғаннан ауырмаудың алдын –алуға, тұмауға қарсы егілуге шақырды.