«Жер-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары өтті

«Жамбыл облысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарын және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштерін дайындау» мақсатында 2017 жылдың 12-13 қазан күндері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильиннің басшылығымен «Жер-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтті. Айта кету керек, «Жер-2017» республикалық командалық-штабтық жаттығулар үш жылда бір рет ұйымдастырылады. Негізгі мақсат — төтенше жағдайлар болған жерге тиісті қызметтерді аттандыру. Биылғы сценарий бойынша Жамбыл облысы Тараз қаласында жер сілкінісі болды. Риxтер шкаласына сәйкес, жерасты дүмпулер 9 баллға дейін жетті. Содан жедел көмек көрсететін қызметтер — дәрігерлер, құтқарушылар, байланыс мамандары мен кинологтар оқиға болған жерге аттанды. Оған Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құрамалары, Жамбыл облысының азаматтық қорғау қызметтері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері қатысты. Оқу-жаттығу барысында  төтенше қызметтердің жойқын жер сілкінісінің салдарын жою әзірлігі тексеріліп, ден қою жоспары пысықталды, сондай-ақ  жұмыстарды басқару алгоритмі мен халыққа жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар қағидалары үйретілді.

Жамбыл облысы әкімдігі

ленсаулық сақтау басқармасының

баспасөз орталығы