Жамбыл облыстық балалар ауруханасында ең күрделі ота түрлері жасалды

Бүгінде жаңа технологиялар дамыған сайын медицина саласында әдіс тәсілдер де өзгерді. Осындай технологиялардың арқасында,  Жамбыл облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, атақты нейрохирург Марат Рабандияров медициналық мекемеге өткен аптада әкелінген соңғы үлгідегі заманауи нейрохирургиялық микросппен   бұрын сонды болмаған 2 күрделі ота жасады. Операцияның мұндай түрлері тек Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ғана жасалатын. Шымкент қаласынан арнайы ота жасатуға келген  бір жарым айлық Ақжүрек Серікұлының анасы жүктілігінің 29-шы аптасында ультра дыбыстық зерттеуге түсіп, балада ақау бар екендігін анықтайды. Оған қойылған диагноз бас миының туа біткен ахауы. Марат Рабандияровтың айтуынша, нәрестеде үлкен бас-сүйек ми жарығы пайда болған. Яғни нәрестенің бас сүйегі қалыптан тыс кішкентай болғандықтан миы қысылып сыртына шығып кеткен. Бұл ота өте күрделі,  әрі қауіпті. Өйткені артық бас ми жарығын алып тастап, миды қайта қалпына келтіру керек. Операция барысында   8-15 есе үлкейтіп көрсететін нейрохирургиялық микроскоп пайдаланылды. Жамбыл облысында мұндай ақауы бар балалар бұрын-соңды емделмеген. Сондай-ақ осы күні, бас миының гидроцефалиясы бар 5 жастағы Нұрас Нұржігітұлына да шунт қою отасы жасалды. Гидроцефалия дегеніміз – бас ішіндегі сұйықтықтың қалыптан тыс жиналуы. Жасалған операциялар сәтті өтті, Нұрас Нұржігітұлы бөлімшеге ауыстырылды, ал кішкентай Ақжүрек Серікұлы, отаның күрделілігіне байланысты әзірге жан сақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты, алаңдауға негіз жоқ.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

денсаулық сақтау басқармасының

баспасөз орталығы